» » » Аңыз футболшы ардақталды

Аңыз футболшы ардақталды

  Футболдық ғұмырын қызылордалық «Қайсарға» арнаған аңыз футболшы Әбіл Қалымбетов атындағы дәстүрлі турнир биыл қайта жалғасын тапты. VIІ мәрте жалауы желбіреген жарыстың ауқымы жыл өткен сайын арта түсуде. Биылғы доп додасына 12 команда қатысуға ниет білдіріпті. «Евразия» және «ПетроҚазақстан» спорт кешендерінде ұйымдастырылған аламанда жанкүйерлердің қарасы қалың болды. Нағыз тартысты топтық кезеңде байқадық. Жан беріп, жан алысқан командалар жарыстың жартылай финалына жолдама алды. Жартылай сында «Қайсар» «Сығанақты» жолдан тайдырса, "ПетроҚазақстан" ардагерлерді сан соқтырды. Дегенмен қола үшін тартыста «Сығанақ» мықтылығын байқатты. Олар «Ардагер» командасын жеңіп, 100 мың теңгенің сертификатына ие болды. Ақтық сында «Қайсар» мен «ПетроҚазақстан» өзара мықтыны анықтады. Кездесудің бірінші жартысында «ПетроҚазақстан» қарсыласынан басым болса, екінші бөлігінде "Қайсар" есепті теңестіріп, пенальти сериясына жеткізді. Пенальти сериясында "Қайсар" футболшылары мүлт кетпей алға озды. Осылайша, биылғы бәсекенің биігіне «Қайсар» командасы көтеріліп, жарыстың бас бәйгесі 250 мың теңгенің сертификатын жеңіп алды. Күміс жүлдегер атанған «ПетроҚазақстанға» 150 мың теңгенің сертификаты табысталды. Алаңда өзіндік ойын өрнегін қалыптастырған ойыншылар да марапаттан құр қалмады. Жарыстың «үздік қақпашысы» – Жаңабек Әлназаров (Қайсар), «үздік қорғаушы» – Берік Жапасбаев (Ардагер), «үздік шабуылшы» – Жансидин Ересбаев (Сығанақ), «сұрмерген» – БахадирТұрсынқұлов (Сығанақ), «үздік ойыншы» – Әкімжан Әбдішов (ПетроҚазақстан) танылды.
02 ақпан 2020 ж. 211 0

Келесі матч

15.03.2020 14-00
Кокшетау
Оқжетпес – Қайсар